«Саналы өзара тәуелділік дәуіріне қарай» атты мектеп оқушыларының бірінші антиядролық жастар форумы

conference

Алматыда «Саналы өзара тәуелділік дәуіріне қарай» атты мектеп оқушыларының бірінші Жастар антиядролық форумы өтті. Шараны аты аңызға айналған ақын Олжас Сүлейменов басқаратын ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы «Невада – Семей» антиядролық қозғалысымен серіктестік ұйымдастырды.

Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылған «Невада-Семей» қозғалысы 28 ақпанда 36 жыл толып отыр. Дәл қоғам тарапынан кеңінен қолдау тапқан белсенді әрекеттерінің арқасында әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонында ядролық қару сынақтары тоқтатылды. Мұнда 40 жыл ішінде 468 ядролық жарылыс болды. Форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде қозғалыстың вице-президенті, Қазақстанның белгілі қоғам қайраткері Валерий Жандәулетов «Невада – Семей» белсенді жұмысының алғашқы күндерінің өзінде-ақ өз қатарына Қазақстаннан, Ресейден және басқа да одақтас республикалардан екі миллионнан астам қатысушыларды қабылдағанын атап өтті.

Невада-Семей қозғалысы көп жылдарды басынан өткеріп, адамзат санасында бейбітшілік пен ынтымақтастық мұраттарын бекітуді жалғастыруда. Оның сіңірген еңбегін ескере отырып, қозғалыс мұрағаты ЮНЕСКО-ның шешімімен «Әлем жады» құжаттық мұрасының дүниежүзілік тізіліміне енгізілді. Алматыда өтіп жатқан форумның басты міндеттерінің бірі – жаһандық бітімгершілік бастамаларды ілгерілетудегі осы тарихи тәжірибені жаңа ұрпаққа жеткізу.

Шараға қатысушыларға қозғалыс ардагерлері сөз сөйлеп, «Заман-ай: бір әнұран хикаясы» деректі фильмі көрсетіліп, интерактивті шеберлік сабақтары өткізілді. Мектеп оқушыларының бірінші Жастар антиядролық форумы ЮНЕСКО-ның 2022–2029 жылдарға арналған орта мерзімді стратегиясын іске асыру, Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы идеяларын іс жүзінде жүзеге асыру және ЮНЕСКО-ның білім қоғамын құру жөніндегі күш-жігерін қолдау аясында өтті.