«Бейбітшілік жолындағы мәдениеттерді жақындастыру»

conference
conference
conference
conference

ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде 4 қазанда Алматы қаласындағы ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының (2-санат) таныстырылымы өтті. Орталық Алматыда Қазақстанның «Мәдениеттерді жақындастыру онжылдығы» жаһандық бастамасы аясында құрылды. Оның жетекшісі — ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов.

– Мұндай Орталық әлемдік тәжірибеде бірегей, – деді Олжас Омарұлы таныстырылымдағы сөзінде. – Оны құрудың негізіне Қазақстанның көпұлтты, көпконфессиялы әрі бейбіт мемлекет ретіндегі тәжірибесі алынды. Орталықтың басты міндеті – мәдениеттерді жақындастыруға жәрдемдесу. Бұл міндет өз ғылыми-зерттеу, білім беру және ағартушылық жұмыстары, сондай-ақ әртүрлі елдердің ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері арасындағы зияткерлік өзара іс-қимылды ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Бұл – халықаралық ауқымда тұрақты әрі үйлесімді дамуға бағытталған сан қырлы кешенді іс-шаралар жиынтығы.

Олжас Омарұлы атап өткендей, Орталықтың қызметі адамдардың санасында Қазақстанның бейбітсүйгіш ішкі және сыртқы саясаты мен ЮНЕСКО мандатының негізінде жатқан қағидаттарды орнықтыруға бағытталған. Бұл қағидаттар нәсіліне, этникалық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, адамдар қауымдастықтарының ұлттық әрі жаһандық деңгейде бейбіт, тең құқықты және өзара құрметке негізделген қатар өмір сүруінің іргетасы болып табылады.

Салтанат Әшімова – Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы директорының орынбасары – Орталықтың қызметі туралы мазмұнды баяндама жасады. Таныстырылымға қатысушылар Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың, көрнекті скрипкашы Марат Бисенғалиевтің, танымал кинорежиссер Рашид Нұғмановтың, сондай-ақ Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының президенті Берлин Иришевтің сөздерін зор қызығушылықпен тыңдады. Олар ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының Алматыда құрылуы тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл халықаралық зияткерлік қауымдастық үшін де маңызды оқиға екенін атап өтті.

Таныстырылым барысында көрме ұйымдастырылып, бейнеролик көрсетілді және Орталықтың ақпараттық материалдары, соның ішінде әлеуметтік және мәдениеттанулық зерттеулерге арналған «Бильгамеш» альманахының арнайы саны таныстырылды. Көрме бөлімдерінде Орталық қызметінің негізгі бағыттары мен нәтижелері, сондай-ақ түркі мәдениетінің адамзаттың өзге мәдениеттерімен өзара байланысы туралы материалдар ұсынылды.

Франция астанасында Алматыда жұмыс істейтін ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының таныстырылымының сәтті өтуі Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделінің артып келе жатқанын айғақтайды.