«ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы» атты білім мәдениетін қолдауға арналған IX халықаралық конференция

img
img
img
img
img
img
img
img

IX халықаралық білім мәдениетін қолдау конференциясы.

«ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы»

2026 жылғы 29 қыркүйекте Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстанның көрнекті ақыны, жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы» тақырыбындағы IX халықаралық білім мәдениетін қолдау конференциясы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы ұйымдастырды.

Конференция Қазақстан мен шетелдердің ғылыми, әдеби, білім беру және мәдени қауымдастықтарының өкілдерін біріктірді. Іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Түркия және Нидерланд елдерінен зерттеушілер мен мамандар, соның ішінде онлайн форматта қатысты.

Конференция барысында ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы, тарихи субъектілікті қалыптастырудағы әдебиет пен ғылыми ізденістің рөлі, сондай-ақ Олжас Сүлейменовтің мәдени және ғылыми мұрасының маңызы талқыланды. Қатысушылар мәдениеттер диалогын дамыту, тарихи жады мен мәдени бірегейлік мәселелерін, тіл мен әдебиеттің қоғамдық сананы қалыптастырудағы маңызын қарастырды.

Олжас Сүлейменовтің саналы өзара тәуелділік философиясына және оның ХХІ ғасырдағы жаһандық сын-қатерлер мен жасанды интеллекттің дамуы жағдайындағы өзектілігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ халықаралық «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының мұрасын сақтау, оның тарихи жады үшін маңызы және осы тәжірибені кейінгі ұрпаққа жеткізу мүмкіндіктері жеке қарастырылды.

Конференцияның маңызды бөлігі «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен жарық көрген «Олжастану пәніне кіріспе» оқу құралы-хрестоматиясының таныстырылымы болды. Сонымен қатар қатысушылар Орталық Азияның интеллектуалдық тарихына, олжастануға және саналы өзара тәуелділік философиясына байланысты пәндерді білім беру үдерісіне енгізу перспективаларын талқылады.

Оқу мәдениеті мен оқитын ұлт қалыптастыру идеясына да айрықша назар аударылды. Баяндамаларда кітап, әдебиет, білім беру мен қоғамдық дамудың өзара байланысы, сондай-ақ интеллектуалдық мұраны сақтау және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу қажеттігі атап өтілді.

Конференция соңында жұмыстың қорытындысы шығарылып, ғылыми, мәдени және білім беру салаларындағы одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын Қарар қабылданды:

«ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы» тақырыбындағы IX халықаралық білім мәдениетін қолдау конференциясының ҚАРАРЫ

Біз, 2026 жылғы 29 қыркүйекте Алматы қаласында Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы» тақырыбындағы IX халықаралық білім мәдениетін қолдау конференциясының қатысушылары,

2030 жылға дейінгі жаһандық күн тәртібінің, атап айтқанда, Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсатының және ЮНЕСКО-ның білім қоғамдарын қалыптастыру жөніндегі күш-жігерінің мақсаттарын қолдай отырып,

Қазақстан Республикасы Президентінің «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» бағдарламасын халықаралық деңгейде іске асыра отырып,

ЮНЕСКО Хатшылығының ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының ЮНЕСКО-ның 2022–2029 жылдарға арналған Орта мерзімді стратегиясына, Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық онжылдығына, Жергілікті халықтардың тілдері жөніндегі халықаралық онжылдыққа (2022–2032 жылдар) қосқан үлесіне, сондай-ақ білім мен мәдени өзара іс-қимыл арқылы бейбітшілікті нығайтуға берген жоғары бағасын ескере отырып,

мәдениеттерді жақындастыру және білімге қолжетімділікті кеңейту мақсатында Орталық Азияның өзара тәуелді тарихын зерттеу мен насихаттауды қолдай отырып,

қажет деп санаймыз:

  • Орталық Азия зиялыларының идеялық, әдеби, ғылыми және философиялық мұрасын, соның ішінде тарихи субъектілікке қол жеткізу тәжірибесін институционалдық деңгейде пайымдау үдерісін бастау және оларды қазіргі мәдени және білім беру үдерісіне енгізудің практикалық тетіктерін әзірлеу арқылы оқитын ұлттарды қалыптастыруға ықпал ету;

  • Олжас Сүлейменовтің тарихи-лингвистикалық жаңалықтарын ғылыми айналымға енгізу, сондай-ақ мүдделі мемлекеттер мен ұйымдардың қолдауымен олжастану сияқты ғылыми және оқу пәнін халықаралық деңгейде әзірлеу және институционалдық дамыту мақсатында ғылыми-зерттеу жобасын бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды бастамалау;

  • Олжас Сүлейменовтің саналы өзара тәуелділік философиясының негізгі қағидаттарын халықаралық қатынастарды ізгілендіруге және ХХІ ғасырда мәдениеттерді жақындастыруға бағытталған жаһандық философиялық ілім ретінде Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізу;

  • 1989 жылғы 19 қазанды Семей полигонындағы ядролық сынақтардың тоқтатылған және әлемде ядролық сынақтарға халықаралық мораторийдің басталған күні ретінде атаулы және естелік күндер күнтізбесіне енгізу;

  • барлық мүдделі ғылыми және мәдени ұйымдарды 2026 жылы құрылған Олжас Сүлейменовті Орталық Азиядан шыққан алғашқы Нобель сыйлығының лауреаты ретінде Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну жөніндегі халықаралық Ұйымдастыру комитетінің одан арғы жұмысына қатысуға шақыру.

2026 жылғы 29 қыркүйек

IX халықаралық конференцияны өткізу Орталық Азияның интеллектуалдық мұрасы, білім мәдениетін дамыту, тарихи жадыны сақтау, сондай-ақ жаңа ұрпақтың өзіндік санасын қалыптастырудағы кітап пен білім берудің рөлін нығайту мәселелері бойынша халықаралық диалог үшін маңызды алаңға айналды.