Книга
Автор
Олжас Сүлейменов
Аты
Аз и Я
Кітап сипаттамасы
Елу жыл бұрын Олжас Сүлейменовтің ең танымал кітабы – Аз и Я жарық көрді. Бұл – ақиқатқа негізделген тарихи шығарма. Ондағы басты желі – халықтардың бір-бірімен сұхбат барысында өз тарихи өзіндік санасын драмалық түрде қайта табуы.
Жарты ғасыр ішінде «Аз и Я» әлем әдебиетінде лайықты орнын иеленіп, Еуразия кеңістігіндегі мәдениеттердің жақындасу бағытын ондаған жылдарға айқындады және адамзаттың зияткерлік мұрасының маңызды бөлігіне айналды. Әдебиет пен ұлттың өзара тәуелділігін терең пайымдаған бұл еңбек түркі халықтарының өз жолын табуына, әлеммен тең дәрежеде үнқатысу құқығын сезінуіне серпін берді.
Олжас Сүлейменов – өз буынының рухани көшбасшысы. Ол бұл еңбегін «Игорь жорығы туралы сөздің» көмескі тұстарын поэтикалық тұрғыда зерделеуден бастап, нәтижесінде жаңа ғылыми бағыт – түркіславистиканы қалыптастырды. Ежелгі сөздер мен иероглифтердің түркілік этимологиясын ашу арқылы «таңба мен сөз археологиясы» деп аталатын жаңа әдіснаманы ұсынды. Бұл әдіс олардың шығу тегін зерттеуге жол ашып, кейінгі жарты ғасырда мыңдаған этимологиялық ізденістер арқылы алғашқы поэтикалық түйсінулерді жалғастырып, Саналы Адам (Homo sapiens) тарихына қатысты тың жаңалықтар жасауға мүмкіндік берді.
Кітапта жарияланған «1001 сөз» тарихи-лингвистикалық жобасы автордың ғылыми әрі әдеби еңбектерінде ғана емес, ЮНЕСКОның «мәдениеттерді жақындастыру» жаһандық жобасының да негізіне айналды.
Олжас Омарұлының өткен дәуірдің көптеген ұлы қаламгерлерінен ерекшелігі – «тартыстан биік тұратын көзқарас» ұстанудың орнына, өзінің өмірлік және шығармашылық ұстанымын әлемдік тарихи үдерістердің қақ ортасына қоюында. Ақын тарихқа араласып, халықтарға жоғалтқан үмітін қайтаруға ұмтылады. Қайшылықтар мен соғыстардың уақыт өте келе адамзаттың созылмалы дертіне айналған түп-тамырын тауып, оларды емдеуге талпынады.
Кітаптың жаңа басылымы арқылы жаңа буын ХХ ғасырда қазақ ақынының адамзаттың зияткерлік өмірбаянының бірнеше маңызды тарауын ашқанын танып біле алады.
Артқа қайту