Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы Олжас Сүлейменовтің 90 жасына орай «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы» атты білім мәдениетін қолдауға арналған IX халықаралық конференция өткізді.
2026 жылғы 29 қыркүйекте Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстанның көрнекті ақыны, жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жасына орай «ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы» тақырыбындағы IX халықаралық білім мәдениетін қолдау конференциясы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы ұйымдастырды.
Конференция Қазақстан мен шетелдердің ғылыми, әдеби, білім беру және мәдени қауымдастықтарының өкілдерін біріктірді. Іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Түркия және Нидерланд елдерінен зерттеушілер мен мамандар, соның ішінде онлайн форматта қатысты.
Конференция барысында ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның интеллектуалдық тарихы, тарихи субъектілікті қалыптастырудағы әдебиет пен ғылыми ізденістің рөлі, сондай-ақ Олжас Сүлейменовтің мәдени және ғылыми мұрасының маңызы талқыланды. Қатысушылар мәдениеттер диалогын дамыту, тарихи жады мен мәдени бірегейлік мәселелерін, тіл мен әдебиеттің қоғамдық сананы қалыптастырудағы маңызын қарастырды.
Олжас Сүлейменовтің саналы өзара тәуелділік философиясына және оның ХХІ ғасырдағы жаһандық сын-қатерлер мен жасанды интеллекттің дамуы жағдайындағы өзектілігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ халықаралық «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының мұрасын сақтау, оның тарихи жады үшін маңызы және осы тәжірибені кейінгі ұрпаққа жеткізу мүмкіндіктері жеке қарастырылды.
Конференцияның маңызды бөлігі «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен жарық көрген «Олжастану пәніне кіріспе» оқу құралы-хрестоматиясының таныстырылымы болды. Сонымен қатар қатысушылар Орталық Азияның интеллектуалдық тарихына, олжастануға және саналы өзара тәуелділік философиясына байланысты пәндерді білім беру үдерісіне енгізу перспективаларын талқылады.
Оқу мәдениеті мен оқитын ұлт қалыптастыру идеясына да айрықша назар аударылды. Баяндамаларда кітап, әдебиет, білім беру мен қоғамдық дамудың өзара байланысы, сондай-ақ интеллектуалдық мұраны сақтау және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу қажеттігі атап өтілді.
Конференция соңында жұмыстың қорытындысы шығарылып, ғылыми, мәдени және білім беру салаларындағы одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын Қарар қабылданды.
IX халықаралық конференцияны өткізу Орталық Азияның интеллектуалдық мұрасы, білім мәдениетін дамыту, тарихи жадыны сақтау, сондай-ақ жаңа ұрпақтың өзіндік санасын қалыптастырудағы кітап пен білім берудің рөлін нығайту мәселелері бойынша халықаралық диалог үшін маңызды алаңға айналды.

Артқа қайту